Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмахан UFC-де қарсылас таңдау туралы пікір білдіріп, алдағы жекпе-жекке дайындығы жайында айтты.
Александр Топуриямен болған жеңілістен кейін жанкүйерлер арасында Алмаханға әдейі қиын қарсыластар беріліп жатыр деген пікірлер жиі айтыла бастады. Алайда спортшы бұл оймен келіспейді.
Оның айтуынша, UFC-де файтерлер қарсыласын өздері таңдамайды және ұсынылған жекпе-жекке келісуге мәжбүр.
«UFC-де біз қарсылас таңдамаймыз. Бізге күн мен қарсыластың аты беріледі. Егер келіспесең - бес-алты ай жекпе-жексіз қалуың мүмкін», — деді Алмахан.
27 маусым күні Бакуде өтетін UFC Fight Night турнирінде Алмахан бразилиялық Жан Мацумотомен кездеседі. Қазақстандық файтердің айтуынша, қарсыласы Брэд Катонаға ұқсайды - төзімділігімен және үнемі алға ұмтылуымен ерекшеленеді.
Соған қарамастан, Алмахан қарсыласының осал тұстары бар екенін атап өтті.
«Бұл оның мерзімінен бұрын жеңілмейді деген сөз емес. Барлығы мүмкін», - деді ол.
Қазір командасы Мацумотоның стилін жан-жақты зерттеп, жекпе-жекке нақты жоспар құрып жатыр. Жаттықтырушылардың пікірінше, бразилиялық спортшы күреске көбірек көңіл бөлуі мүмкін, алайда дәл осы сәттер Алмахан үшін нокаутпен жеңіске жетуге мүмкіндік болуы ықтимал.
Сонымен қатар, Алмахан Топурияға қарсы жекпе-жек туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл кездесу оған үлкен тәжірибе берген.
«Соңғы жекпе-жек маған үлкен сабақ болды. Көп қателік жібердім, әсіресе жекпе-жек барысында. Тым сақ болып, өз мүмкіндігімді ұзақ күттім», - деді ол.
Енді қазақстандық файтер алдағы кездесуде анағұрлым агрессивті әрі сенімді өнер көрсетуге ниетті.
Пікірлер (3)