Бұрынғы OCTAGON чемпионы Сүндет Айтқұл ALYPSOK арнасына берген сұхбатында қырғыз жауынгерлерінің деңгейі неге жоғары екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, қырғыз файтерлері тәуекелшілдігімен және батылдығымен ерекшеленеді. Сүндет олардың кез келген қарсыласпен жекпе-жекке шығудан қорықпайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, OCTAGON турнирлеріндегі жекпе-жектердің басым бөлігін қырғыз спортшылары сақтап қалып отырғанын мысалға келтірді. Спортшы қазіргі таңда Азиядағы ең мықты клубтардың бірі ретінде Ykylas Team-ды атады. Оның сөзінше, бұл залда Қырғызстанның үздік жауынгерлері жиналып, бірге дайындалып, бір-бірінің дамуына ықпал етеді. Соның нәтижесінде олар түрлі лигаларда чемпион атанып жүр.

Сүндет Қазақстанда да мықты буын болғанын еске алды. Әсіресе, Arlan MMA жұмыс істеп тұрған кезеңде спортшылар бірлесіп дайындалып, тұрақты оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Оның пікірінше, дәл сол ұйымшылдық сақталған жағдайда, отандық спортшылар арасында да UFC деңгейіндегі чемпион шығуы мүмкін еді.

Қазіргі таңда қазақстандық файтерлердің әрқайсысы жеке дайындалатынын айтқан Сүндет, бұл жалпы деңгейге кері әсер ететінін жеткізді. Ол қырғыз спортшылары секілді барлық мықты жауынгерлерді бір орталыққа жинап, бірге жаттығу арқылы ғана жоғары нәтижеге жетуге болатынын атап өтті.