Қазақстан кубогінің 65 келі салмақтағы ақтық белдесуінде Шымкент қаласының өкілі Начын Куулар мен Қарағанды облысының балуаны Әділ Оспанов кездесті.

Куулар белдесуді өте белсенді бастады. Алғашқы шабуылдарының бірінде 2 ұпай еншілеп, есеп ашты. Кейін қарсыласының артына өтіп, тағы 2 ұпай қосты. Бірінші кезең аяқталғанға дейін тағы бір нәтижелі әдіс жасап, есепті 6:0-ге жеткізді.

Екінші кезеңде де Шымкент балуаны қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Ол тағы да аяққа өтіп, қарсыласының артына шығып, есепті 8:0 етті. Алайда осы сәттен кейін Әділ Оспанов жарақат алып, белдесу мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Қорытынды есеп — 8:0. Осылайша, Начын Куулар Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанды.

Айта кетсек, Начын Куулар — 2017 жылы Быдгощ қаласында өткен U23 Әлем чемпионатының жеңімпазы.