UFC-дің бұрынғы жеңіл салмақ чемпионы Илия Топурия Джастин Гэйтжиден жеңілгеннен кейін әлеуметтік желіде жанкүйерлеріне үндеу жасап, қарсыласының сол түні мықты болғанын мойындады.

«Джастин, құттықтаймын. Сен менің бетімде із қалдыратыныңды айттың және айтқаныңды орындадың. Бірінші раундта оң көзімнің көру қабілетінен айырдың, ал екінші раундтың соңына қарай сол көзім де көрмей қалды. Ешқандай сылтау жоқ. Өмірімдегі ең жақсы жаттығу лагерлерінің бірін өткіздім. Жекпе-жекке тамаша формада, жақсы дайындықпен және толық дайын болып шықтым. Тек сол кеш сенің кешің болды.

Бұл спорттың табиғаты осындай. Бұл спортта даңқ пен қиындық қатар жүреді. Мен қалпыма келемін. Демаламын. Және бұрынғыдан да мықтырақ, ақылдырақ әрі қауіпті болып ораламын. Маған сеніңіздер, біздің тарихымыз әлі аяқталған жоқ. Біз міндетті түрде реванш өткіземіз», – деп жазды Топурия.

Еске салсақ, UFC Freedom 250 турнирінің басты жекпе-жегінде Топурия жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуінен айырылып, кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеді.

Төртінші раунд аяқталғаннан кейін испан-грузин файтерінің бұрышы алған зақымдарын ескеріп, оны бесінші раундқа шығарудан бас тартты. Нәтижесінде төреші америкалық Джастин Гэйтжидің техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады.