Конгресс аясында Қазақстан күрес федерациясының Бас хатшысы Нұраддин Садықов Федерацияның қазіргі даму бағыты мен алдағы жоспарлары туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан күрес федерациясы қабылдаған стратегиялық шешімдер халықаралық спорт қауымдастығының назарын аударып отыр. Соның жарқын мысалы – 2026 жылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатының Астанада өтуі.
Нұраддин Садықовтың айтуынша, әлем чемпионатын өткізу туралы шешім халықаралық күрес қауымдастығы үшін күрделі кезеңде қабылданған. Бастапқыда жаһандық дода Бахрейнде өтуі тиіс болған. Алайда өңірдегі геосаяси жағдайға байланысты аталған мемлекет әлем біріншілігін өткізу мүмкіндігінен айырылды.
«Дәл осы кезде Қазақстан күрес федерациясы төрағасы Еркін Қадырғалиұлының бастамасымен әлем чемпионатын өткізу жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын екенін мәлімдеді. Мұндай шешім батылдықты, ұйымдастырушылық әлеуетті және еліміздің мүмкіндігіне деген сенімді талап етеді», – деді Нұраддин Садықов.
Оның сөзінше, Федерацияның басты мақсаты тек ұлттық құрамалардың нәтижесін жақсарту ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық спорттағы ықпалын арттырып, Біріккен күрес әлемімен қарым-қатынасты нығайту болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің саясатына толық сәйкес келеді.
Конгресс барысында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ұлттық күрес жүйесін жаңғырту және Қазақстанның әлемдік спорт кеңістігіндегі рөлін күшейту мәселелері де кеңінен талқыланды. Осы тұрғыдан алғанда, әлем чемпионатын өткізу тек спорттық жарыс қана емес, еліміздің халықаралық беделін арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық жоба ретінде бағалануда.
Алдағы уақытта Астана әлемдік спорттың ірі орталықтарының біріне айналмақ. Келер жылы елордада үш олимпиадалық жекпе-жек спорт түрінен әлем чемпионаттары өтеді. Ал биыл күрестен әлем чемпионатын қабылдау арқылы Қазақстан қысқа уақыт ішінде олимпиадалық төрт жекпе-жек спорт түрінен әлем чемпионатын өткізген санаулы мемлекеттердің қатарына қосылады.
Нұраддин Садықовтың пікірінше, мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы Федерацияның жаңа даму бағыты мен тиімді басқару жүйесінің нәтижесі. Қазақстан күрес федерациясының жаңа басшылығы халықаралық серіктестікті нығайтуға, еліміздің спорттық әлеуетін танытуға және Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығындағы беделін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Қазақстан күрес конгресі осы бастамалардың барлығын талқылап, саланың алдағы даму бағдары айқындалған маңызды диалог алаңына айналды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!