Өзбекстан Ұлттық олимпиадалық комитеті төрағасының бірінші орынбасары әрі Азия Олимпиада кеңесінің вице-президенті Отабек Умаров АҚШ-та UFC президенті Дана Уайтпен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар әлемдік спорт индустриясының даму бағытын, ұзақмерзімді серіктестік мүмкіндіктерін және халықаралық жобаларды талқылады.
Әңгіме барысында Өзбекстанда ZUFFA Boxing турнирлерін ұйымдастыру бастамасы көтеріліп, сондай-ақ болашақта Ташкентте ресми UFC турнирін өткізу мүмкіндігі жан-жақты қарастырылды. Бұл ұсыныс өзбек файтерлерінің UFC-дегі санының артуы және елдегі аралас жекпе-жек индустриясының қарқынды дамуымен байланыстырылып отыр.
Сонымен қатар, ТАСС агенттігінің мәліметінше, UFC өкілдері Қазақстан, Қырғызстан және Грузиямен де 2027 жылы турнир өткізу мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Ал белгілі журналист Игорь Лазориннің айтуынша, Өзбекстан UFC турнирін қабылдау жолындағы жаңа кезеңге қадам басты.
Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Өзбекстан UFC турнирін қабылдаған Орта Азиядағы алғашқы мемлекет атануы мүмкін. Бұл өңірдегі аралас жекпе-жектің дамуы үшін тарихи оқиға болмақ.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!