Ислам Махачев UFC 330 турнирінде Иен Гарримен өтетін жекпе-жек алдында чемпиондық амбициясы мен басты мақсатын жария етті.
«Мен әлемдегі ең мықты файтермін. Бірақ мен осы рекордты жаңартқан ең мықты файтер болғым келеді. Ол үшін Иен Гарриді жеңуім керек. Сонда Андерсон Силваның рекордын жаңартамын. Және бұл тек 17 жеңісті серия болмайды, одан да ұзаққа созылады», – деді Махачев.
Сондай-ақ ол ирландиялық қарсыласын жоғары бағалайтынын, бірақ барлық аспект бойынша өзінен әлсіз деп есептейтінін айтты.
«Иен – жаңа дәуірдің файтері. Ол өте аш, UFC чемпионы болуды қалайды. Бірақ мен барлық жерде басымдыққа иемін. Себебі мен әлемдегі ең мықты файтермін. Мұны Филадельфияда дәлелдеймін», – деді ол.
Махачев жекпе-жектің қалай аяқталатыны туралы да болжам жасады.
«Мен оған үнемі қысым жасап, шаршатамын да қылқындырып тастаймын. Бұл – мүлде басқа деңгей. Мен соны көрсетемін. UFC 330 турнирінде Иен Гарриді үш раундтың ішінде жеңемін», – деп мәлімдеді ресейлік спортшы.
Еске салайық, Ислам Махачев пен Иен Гарри арасындағы жекпе-жек UFC 330 турнирінің басты оқиғасы болмақ. Бұл кездесу Махачев үшін UFC тарихындағы ең ұзақ жеңісті сериялардың бірін тіркеуге мүмкіндік береді.
Пікірлер (1)