Қазақстанның еркін күрестен ерлер құрамасы Бішкек қаласында 6-12 сәуір аралығында өткен Азия чемпионатында сәтсіз өнер көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар тек екі медаль жеңіп алды - екеуі де қола. 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азамат Дәулетбеков қола жүлдегер атанды. Ал аса ауыр салмақта (125 келіге дейін) 19 жастағы ұлттық құраманың дебютанты Едіге Қасымбек те қола медаль иеленді.

Бұл нәтиже соңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш болып отыр. Мәселен, 2025 жылғы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бес медаль (бір алтын, екі күміс және екі қола) жеңіп алған еді. Ал 2024 жылы бір алтын, екі күміс және бір қола медаль еншілеген.

Ерекше табысты жылдардың бірі - 2023 жыл. Астанада өткен Азия чемпионатында қазақстандық балуандар төрт алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған болатын.

Осылайша, биылғы нәтиже Қазақстан құрамасы үшін соңғы жылдардағы ең сәтсіз көрсеткіштердің бірі болды.