Оралбайдың кәсіби ММА-дағы рекорды — 16-2-1, ал UFC-дегі көрсеткіші — 5-1. Ол UFC 330 турнирінде америкалық Джеремайя Уэллспен (13-4-1, UFC-де 5-2) кездеседі. Жекпе-жек Уэллстің туған жеріне жақын Филадельфия қаласында өтеді.

Алайда Оралбай қарсыласының елінде өнер көрсетуден қорықпайтынын айтты. Оның сөзінше, ол әртүрлі мемлекеттерде жекпе-жек өткізуге үйренген.

«Ешқандай проблема жоқ. Мен күн сайын залда екі-үш рет жаттығамын. Бразилиялық Элвс Бренермен де жекпе-жек өткіздім. Әзербайжанның Баку қаласында Тофик Мусаевпен кездестім. Қай елде өтетіні маңызды емес, мен барамын да жекпе-жек өткіземін. Қарсыласым да, оның елі де, жекпе-жектің өзі де маған ұнайды. Мен дайынмын», — деді Оралбай.

Сонымен қатар қырғызстандық спортшы UFC турнирін өз елінде өткізуді армандайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта промоушен Қырғызстанда бірде-бір турнир ұйымдастырған жоқ.

«Екі-үш жылдан кейін UFC Қырғызстанға келуі мүмкін. Иншаллах. Мен бұған өте қуанышты болар едім. Қырғызстан және UFC — вау, бауырым! Менің елімде ММА-ны жақсы көреді», — деді ол.

Оралбай UFC-дегі мансабында бір ғана жеңіліске ұшыраған. 2024 жылдың қазан айында ол Матеуш Ребецкиге төрешілердің бөлінген шешімімен есе жіберді.

Бұған дейін оның рейтинг бойынша жоғарылауына салмақ қуу мәселелері де кедергі болған. Соның салдарынан қатарынан екі жекпе-жегі аралық салмақта өтті.

Қазір Оралбай жартылай орта салмақта өнер көрсетуге толық бейімделгенін айтып, чемпиондық мақсатын жасырмай отыр.

«Мен болашақ чемпионмын», — деп мәлімдеді қырғызстандық жауынгер.

Ал Джеремайя Уэллспен өтетін жекпе-жек туралы Оралбай октагонның есігі жабылғаннан кейін өзінің барлық мүмкіндігін көрсететінін айтты.