UFC-дің бұрынғы чемпионы Джон Джонс Даниэль Кормьенің барлық уақыттағы үздік файтерлер тізімінде Хабиб Нурмагомедовты бірінші орынға қойғанына жауап берді.

Кормье өз таңдауын Хабибтің мансабын жеңіліссіз аяқтағанымен және елеулі қателіктерге жол бермегенімен түсіндірді. Ал Джонстың мансабында допинг даулары болған және Мэтт Хэмиллге қарсы жекпе-жекте тыйым салынған шынтақ соққылары үшін дисквалификацияланған еді.

Джонс Хэмиллмен кездескен кезде UFC-де енді ғана өнер көрсетіп жүргенін айтып, сол уақытта кейбір ережелерді толық білмегенін жеткізді.

«Мэттпен жұдырықтасқан кеште мен “12-6” терминін өмірімде алғаш рет естідім. UFC-ге өте ерте келдім, тіпті барлық ережені білмейтінмін», — деді Джонс.

Сондай-ақ ол Кормьеге тікелей үндеу жасады:

«Бауырым Даниэль Кормье, қызғаныш сенің қаныңа соншалықты терең сіңіп кеткен. Құдайдан сені осы қызғаныштан арылтуын шын жүректен тілеймін. Ал әзірге әңгіме мен туралы болған сайын соншалықты қатты алаңдайтыныңды көру маған жағымды», — деп жазды Джонс.

Джонс пен Кормье октагонда екі рет кездескен болатын. 2015 жылы Джонс бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, Кормьеге мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеді.

2017 жылы өткен екінші кездесуде Джонс Кормьені нокаутқа түсірген. Алайда кейін Джонстың допинг сынамасы оң нәтиже көрсетіп, жекпе-жек нәтижесі жойылды.

Джонс пен Кормье арасындағы текетірес UFC тарихындағы ең принципті әрі атышулы қарсыластықтардың бірі саналады.