61 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық балуан Бекасыл Асамбек әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Финалда Бекасыл АҚШ өкілі Аарон Сайделмен белдесті. Кездесу америкалық балуанның 7:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Осылайша, Қазақстан өкілі әлем чемпионатының күміс медалін иеленді.
Бекасыл финалға дейін төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алғашқы кезеңде ол қытайлық Анчао Луды 10:0 есебімен жеңді. 1/8 финалда украиналық Артем Тиснохузды дәл осындай есеппен ұтты.
Ширек финалда қазақстандық балуан ресейлік Зелимхан Чаниевтен 10:0 есебімен басым түсті.
Ал жартылай финалда жапониялық Ицуки Йонаширомен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Осылайша, Бекасыл финалға дейінгі төрт белдесуінде қарсыластарына 33 ұпай жинап, небәрі бір ұпай ғана берді.
Бекасыл Асамбек — 2026 жылғы U20 Азия чемпионы, сондай-ақ 2025 жылғы U17 әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Бұған дейін Қазақстан қоржынына U20 әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазыбек Қалмағанбетов алтын медаль салған болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Братиславадағы жастар арасындағы әлем чемпионатында әзірге бір алтын және бір күміс медаль жеңіп алды.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!