Бұл жеңістен кейін 28 жастағы Абдуллаевтың кәсіби рекорды 14-0 жетті. Ең қызығы — 14 жеңістің барлығы да мерзімінен бұрын аяқталған. Оның ішінде 13 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңген.

Сантос бұл жекпе-жекке жарақат алған америкалық Энтони Фигероаның орнына шықты. Фигероа қатарынан бес жеңіс сериясында тұрған еді. Ал бразилиялық спортшының бұрышында UFC-дің екі салмақтағы бұрынғы чемпионы Алекс Перейра болған.

Алайда бұл жайт та Сантосқа көмектесе алмады. Абдуллаев қарсыласын жекпе-жек басталғаннан кейін 19 секундта нокаутқа түсірді.

Жекпе-жектен кейін UFC президенті Дана Уайт қырғыз файтерінің өнеріне жоғары бағасын берді. Ол Абдуллаевпен бірден келісімшартқа отырып, оны Үміткерлер сериясының тарихындағы ең талантты спортшылардың бірі деп атады.

«Бұл соққының дыбысы бейсбол таяғымен ұрғандай естілді.

Мен тәуекелге бел буып, сені осы шоудағы соңғы он жылда пайда болған ең үлкен талант деп айтар едім.

Менің ойымша, сен болашақта супер жұлдызға айналып, өте қауіпті файтер боласың!

Сенің келесі жекпе-жегіңді көруді асыға күтемін. UFC-ге қош келдің!»

Абдуллаев бұл жекпе-жекті жеңіл салмақта өткізді. Алайда бұған дейін ол негізінен жартылай жеңіл салмақта өнер көрсеткен.

UFC-ге дейін Акбар ONE Championship ұйымында бес жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Азиядағы ең ірі ММА промоушендерінің бірінде ол тіпті сол кездегі чемпионды нокаутпен жеңген. Бірақ салмақ мәселесіне байланысты чемпиондық белбеуге ие бола алмады.

Енді қырғызстандық файтердің  мансабының жаңа кезеңі басталды. 14 жекпе-жек, 14 жеңіс, 14 финиш және 13 нокаут — Акбар Абдуллаев UFC-дегі алғашқы жекпе-жегіне осындай статистикамен келеді.