MMA Fighting басылымының мәліметінше, Башараттың UFC-мен келісімшарты шілде айында аяқталған. Алайда ұйым басшылығы оған жаңа келісім ұсынбаған. Мұндай шешімнің себептерінің бірі ретінде файтердің жекпе-жек стилінің аса тартымды болмауы және мерзімінен бұрын жеңістерінің аздығы аталады. Атап айтқанда, Фарид соңғы бес кездесуінің барлығында төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен.

Башарат UFC-де 2023 жылдан бері өнер көрсеткен. Ал 2022 жылы Дана Уайттың Contender Series жобасында жеңіске жетіп, әлемдегі ең ірі ММА ұйымымен келісімшартқа қол жеткізген. UFC-дегі мансабында ол Крис Гутьеррес, Жан Мацумото және Тэйлор Лапилус секілді файтерлермен жұдырықтасты.

Айта кетейік, биыл UFC Фаридтің ағасы Джавид Башаратпен де келісімшартты ұзартудан бас тартқан болатын. Кейін Джавид мансабын PFL ұйымында жалғастырды.

Енді Фарид Башарат бос агент атанды. Ол басқа ММА ұйымдарының ұсыныстарын қарастырып, кәсіби мансабын қай промоушенде жалғастыратынын өзі шеше алады.