Сәрсенбі күні UFC басшысы Дана Уайт испан-гүржі файтерінің оралу мерзіміне қатысты ой білдірді. Оның айтуынша, Топурия жанкүйерлері көп күтпейді.

«2027 жылы. Ол 2027 жылдың басында оралады. Біз бұл бағытта да жұмыс істеп жатырмыз. Жеңіл салмақта Джастин Гейджи, Илия Топурия, Арман Царукян, Чарльз Оливейра, Пэдди Пимблетт және Макс Холлоуэй секілді мықты файтерлер бар. Үздік ондықтың барлығы — нағыз жойқын күш иелері. Қазір бұл UFC-дегі ең мықты дивизион», — деді Дана Уайт The Jim Rome Show бағдарламасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар UFC басшысы Топурияның ықтимал қарсыласы кім болуы мүмкін екенін айтудан бас тартты. Оның сөзінше, нақты бір есімді атау әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен алыпқашпа әңгімелердің таралуына себеп болар еді.

Айта кетейік, Дана Уайт атап өткен файтерлердің ешқайсысы әзірге келесі жекпе-жегін ресми түрде жариялаған жоқ. Демек, UFC басшылығының Топурияға қарсылас таңдауда бірнеше нұсқасы бар.

29 жастағы Илия Топурия (ММА-де 17-1, UFC-де 9-1) соңғы жекпе-жегін маусым айында өткізіп, Джастин Гейджиден күтпеген жерден жеңіліп қалды. Олардың кездесуі Ақ үйде ұйымдастырылған UFC Freedom 250 турнирінің басты жекпе-жегі болды. Топурия жекпе-жек барысында бірнеше сәтті шабуыл жасағанымен, кейін Гейджи басымдықты толық өз қолына алып, айқын жеңіске жетті.