UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазақстандық файтері Шавкат Рахмоновтың денсаулығына қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны хабарланды, деп жазады ALYPSOK.

Бұған дейін батыстық ММА басылымдары Рахмоновтың тізе жарақаты қайта асқынғаны туралы жаңалық жариялаған болатын. Олар ресейлік ақпарат құралдарына сілтеме жасаған-мыс. Ал ресейлік басылымдар өз кезегінде батыстық БАҚ жариялаған ақпаратты аударып, қайта таратқан. Осылайша, нақты расталмаған мәлімет ақпарат кеңістігінде кеңінен тараған болып шықты.

Соңғы мәліметке сәйкес, Шавкаттың тізе жарақаты қайта асқынбаған. Спортшы залда жаттығуын жалғастырып жатыр.

Рахмоновтың өзі де әлеуметтік желіде дайындық барысы туралы жазба жариялады.

«Тағы бір апта тынымсыз жаттығумен өтті. Күн сайын күшейіп келемін», – деп жазды қазақстандық файтер.

Сонымен қатар Шавкаттың октагонға оралуы 2027 жылдан ерте болмайтыны айтылып отыр. Спортшының өзі сәуір айын қарастырып жатқанымен, нақты шешім оның физикалық дайындығына байланысты қабылданбақ.

Қазіргі уақытта Рахмоновтың бұрынғы спорттық бабына толық оралуы үшін әлі де жұмыс істеуі қажет. Әсіресе жоғары қарқынды жаттығуларға ағзасының қалай жауап беретіні әзірге белгісіз.

Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегінің күні мен қарсыласы ресми түрде жарияланған жоқ.