28 тамыз күні Астанада Халықаралық бокс күніне орай өтетін IBA Nomad турнирі аясында қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі дебютін өткізеді. Бұл кеште кәсіпқой бокс пен ММА қолғаптарымен өтетін жекпе-жектер жоспарланған.

Санжар Ташкенбай алғашқы жекпе-жегінде вакантты IBF Asia белбеуі үшін Филиппин өкілі Нил Джакамоспен (7-1) кездеседі.

Джакамос өз салмағындағы әлемдік рейтингтің үздік 50 боксшысының қатарына кіреді. Бұған дейін ол WBC Youth чемпиондық атағына таласқанымен, оңтүстікафрикалық Сисеко Тейисиге есе жіберген болатын.

Айта кетейік, Санжар Ташкенбай – әуесқой бокстағы Қазақстанның ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі және екі дүркін әлем чемпионы. Енді ол кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде-ақ халықаралық чемпиондық белбеуді жеңіп алуға мүмкіндік алады.