Жуырда Канело француз Кристиан Мбиллиді төрешілер шешімімен жеңіп, екінші орта салмақта WBC әлем чемпионы атағын қайтарып алды. Бұл жекпе-жектен кейін Fighter Channel басылымы мексикалық боксшының келесі қарсыластары болуы мүмкін үміткерлер тізімін жариялады.
Тізімге енген боксшылар:
Хамза Шираз (Ұлыбритания) — бұған дейін WBO чемпиондық белбеуінен бас тартқан. Басылымның пікірінше, ол Канеломен жекпе-жек өткізуге үміткерлердің бірі.
Лестер Мартинес (Аргентина) — WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпион. Бұған дейін Кристиан Мбиллимен жұдырықтасып, тең нәтижеге қол жеткізген.
Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан) мен Якоб Банк (Дания) жекпе-жегінің жеңімпазы — WBO-ның бос қалған чемпиондық белбеуін иеленген боксшы Канелоның келесі қарсыласына айналуы мүмкін.
Ослеис Иглесиас (Куба) — IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Бұл жекпе-жек Канелоға чемпиондық белбеулерді біріктіру мүмкіндігін береді.
Теренс Кроуфорд (АҚШ) — Канеломен жекпе жек өткізуі мүмкін нұсқалардың бірі. Алайда америкалық боксшы бұған дейін кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеген.
Жәнібек Әлімханұлының жағдайы қандай?
Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың сәуір айында Астанада өткізіп, бесінші раундта Ануэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірген. Сол жылдың соңында ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек болған. Алайда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталғаннан кейін кездесу өтпей қалды. Нәтижесінде IBF оны чемпиондық белбеуінен айырды, ал WBO бір жылға дисквалификациялады. Дегенмен WBO белбеуі Әлімханұлының өзінде сақталды.
Кейін Жәнібек екінші орта салмаққа ауысып, WBO чемпиондық белбеуін босатты. Қыркүйек айының басында қазақстандық боксшы осы ұйымның рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
Әлімханұлы мен Якоб Банктің жекпе-жегі 2027 жылдың 23 қаңтарында Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Олар екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша вакантты әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Бұл белбеу Хамза Шираз Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуден бас тартып, чемпиондық атағынан бас тартқаннан кейін бос қалған.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!