Дзюдодан Азия чемпионатының жекелей сайыстарының соңғы күні Қазақстан құрамасының төрт балуаны қола медаль үшін татамиге шығады.

90 келіге дейінгі салмақта Айдар Арапов жарысты сәтті бастап, Таиланд спортшысын жеңді. Алайда ширек финалда оңтүстіккореялық Ким Джонхунға жол берді. Жұбаныш белдесуінде Тайпэй өкілін жеңген қазақстандық енді қола медаль үшін Ханчжоудағы Азия ойындарының чемпионы, қырғызстандық Ерлан Шеровпен кездеседі.

100 келіге дейінгі салмақта Шархан Нұрлыхан Тайпэй және Өзбекстан спортшыларын жеңіп, жартылай финалға дейін жетті. Алайда бұл кезеңде БАӘ өкілі Джафар Костоевқа есе жіберді. Енді ол қола жүлде үшін Қытай спортшысымен белдеседі.

Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта Аруна Джангелдина Моңғолия спортшысын жеңіп,жарысты сәтті бастады. Бірақ ширек финалда Қытай өкіліне жол берді. Жұбаныш белдесуінде Тайпэй спортшысын жеңіп, қола медаль үшін тағы бір Тайпэй өкілімен кездеседі.

+78 келі салмақта Аида Тойшыбекова алғашқы белдесуінде Тайпэй спортшысын жеңді. Кейін оңтүстіккореялық Ким Хаюнға жол берді. Жұбаныш белдесуінде Тәжікстан өкілі Виктория Киселеваны жеңіп, енді қола жүлде үшін Өзбекстан спортшысымен белдеседі.

Осы салмақта ел намысын қорғаған Ақерке Рамазанова алғашқы айналымда Виктория Киселеваға есе жіберді.

Ал 100 келіге дейінгі салмақта Марат Байқамуров жарысты жеңіспен бастап, қырғызстандық Даут Полтушевті жеңді. Алайда кейін Бахрейн өкілі Саид Садрудиновтан ұтылып, жұбаныш белдесуінде Қытай спортшысына жол беріп, жарысты аяқтады.