Дзюдодан Азия чемпионатының үшінші күні Қазақстан құрамасына жаңа жүлделер мен тартысты белдесулер сыйлады.
Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Айдар Арапов қола медаль үшін өткен белдесуде Қырғызстан спортшысы Ерлан Шеровты жеңіп, ел қоржынына кезекті жүлдені салды.
100 келіге дейінгі салмақта Нұрлыхан Шархан да қола үшін күрескенімен, қытайлық қарсыласына есе жіберіп, жүлдесіз қалды.
Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта Аруна Жангелдина қола медаль үшін өткен белдесуде Тайпей спортшысынан басым түсті. Бұл - оның Азия чемпионаттарындағы екінші қола жүлдесі. Бұған дейін ол 2022 жылы да қола медаль еншілеген болатын.
+78 келі салмақ дәрежесінде Аида Тойшыбекова қола үшін белдесуде өзбекстандық Умида Нигматоваға жол беріп, жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.
Осылайша, үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жетінші орынға табан тіреді. Көш басында Моңғолия тұрса, екінші орынды Тәжікстан, үшінші орынды Қытай құрамасы иеленуде.
Ертең жарыс аясында командалық чемпионат басталады. Қазақстандық дзюдошылар өз нәтижелерін жақсартып, тағы да жүлде алуға тырысады.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!