Қазақстандық балуан, әлем чемпионы Ризабек Айтмухан АҚШ-та өткен RAF 08 турниріндегі өнеріне қатысты пікір білдірді. Ол аталған жарыста Олимпиада чемпионы Кайл Снайдермен белдесті.

Филадельфия қаласында өткен жекпе-жек 12:6 есебімен Снайдердің пайдасына аяқталды. Айтмұхан алғашқы раундтарда басымдық танытқанына қарамастан, кездесуді жеңіспен аяқтай алмады.

«Америкаға келіп, RAF турниріндегі алғашқы белдесуімді өткіздім. Алғашқы екі раундта айқын басымдықпен алда болсам да, әттең, жеңіс бұйырмады… Белдесуді жеңіп, Айтмұхан атама арнағым келген еді. Бірақ біздің ауылда да әлі той болады, Алла қаласа», - деп жазды спортшы Instagram парақшасында.

Айта кетейік, бұл жекпе-жекте Кайл Снайдер жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белдігін сәтті қорғап қалды.