UFC жұлдызы Хамзат Чимаев аралас жекпе-жек пен күрестің айырмашылығы туралы өз ойын ашық айтты. Оның айтуынша, бұл екі спорт түрін бір-бірімен салыстыру дұрыс емес.
«Көп адам “балуандар UFC-ге келсе, бәрін жеңеді” деп айтады. Бірақ ММА мен күрес — екі бөлек спорт. Олимпиада чемпионы кілемде мені сөзсіз жеңеді. Ал октагонда төбелес болса, мен кез келген Олимпиада чемпионын жеңемін», — деді Чимаев.
Ол сондай-ақ атақты балуандарға құрмет білдірді.
«Мен Кайл Снайдер, Абдулрашид Садулаев және басқа да Олимпиада чемпиондарын құрметтеймін. Олар өте мықты. Бірақ ММА-да оларға оңай болмайды», — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Чимаев UFC-де жетістікке жеткен балуандар мысалын да келтірді. Оның пікірінше, Генри Сехудомен Даниэль Кормье чемпион атанғанда негізінен тік тұрып айқасу қабілетінің арқасында жеңіске жеткен.
«Сехудо UFC-де чемпион болды, бірақ ол көбіне тік тұрып айқасты. Күресті аса қолданған жоқ. Кормье де солай. Сондықтан бұл екі спорт — мүлде бөлек», — деді Чимаев.
Осылайша, файтер ММА мен күресті теңестіруге болмайтынын айтып, әр спорттың өз ерекшелігі бар екенін жеткізді.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!