- Биыл жанкүйерлер алдында алтын медаль жеңіп алуды қатты қаладым. Сол мақсатта тыңғылықты дайындалып, бар күш-жігерімді салдым. Өкінішке қарай, чемпион атану бұйырмады. Бірақ бұл - тоқтайтын жер емес. Алда әлі талай жарыс бар, сондықтан еңбектене береміз, - деді дзюдошы.

Сондай-ақ ол жартылай финал мен финалдық белдесулерге тоқталды.

- Жартылай финалда тәжірибелі әрі атақты қарсыласпен кездестім. Қазақ жанкүйерлерінің қолдауының арқасында өз мүмкіндігімді толық көрсете алдым. Финалға тактикалық тұрғыда жақсы дайындалдық. Алайда шешуші сәтте қателік жіберіп қойдым. Енді жаттығу жиындарында белдесудің бейнежазбасын қарап, қателіктермен жұмыс істейтін боламыз, - деді Орынбасар.

Айта кетейік, Талғат Орынбасар бұған дейін де Астанада өткен Grand Slam турнирінде күміс медаль иеленген болатын.

Ал жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында екі медаль бар. 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов қола жүлдеге қол жеткізді.