- Жуырда өткен Қазақстан чемпионатындағы өнеріңізге баға берсеңіз. Ішкі бәсеке қандай деңгейде?
- Жалпы, еліміздегі ішкі бәсекенің деңгейі жаман емес. Қазақстан чемпионатында әр балуан барын салуға тырысады.
- Сондай-ақ осы ел біріншілігінде 68 келіде күрестіңіз. Осы салмақта қалуды жоспарлап отырсыз ба?
- Иә, қазір 68 келіде қалуды жоспарлап отырмын. Бапкерім Нұрсұлтан Теміров те менің бойыма, дене бітіміме дәл осы салмақ қолайлы деп есептейді. Бұл салмақта соңғы рет 2021 жылы күрескенмін. Одан кейін егізім Мадина Бақбергенова осы салмақта көш бастап, Азия чемпионы атанды. Сол себепті мен бұл салмаққа қайта оралмаған едім. Биылдан бастап олимпиадалық салмақта күресуді жөн көрдім. Олимпиадаға да аз уақыт қалды. Сондықтан салмақ ауыстырып, алдыңғы циклдегі қателіктерді қайталамауға тырысамын.
- Жалпы, маусым сіз үшін қалай өтіп жатыр?
- Маусым өте қарқынды өтіп жатыр. Азия чемпионатынан кейін де жаттығуды тоқтатқан жоқпыз. Қазір толықтай дайындық үстіндеміз.
- Азия чемпионаты сіз үшін сәтті болмады. Сіздің ойыңызша, нәтижеге не әсер етті?
- Азия чемпионатында бабымда болдым деп есептеймін. Дегенмен белдесу кезінде бір-екі қателік жіберіп қойдым. Дегенмен бұл жеңіліс өз кемшіліктерімді көруге көмектесті. Қазір сол қателіктермен жұмыс істеп жатырмыз.
- Сіз ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде өнер көрсетіп келесіз. Мотивацияны қайдан аласыз?
- Мені алға жетелейтін басты мотивация - әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының алтын медалі. Сол мақсаттар тоқтамауға, алға ұмтылуға күш береді. Ал рухани қолдау жағынан егізім Мадина әрдайым жанымнан табылады. Кейде айтқан бір ауыз сөзі жүрегіме қатты әсер етіп, мені жігерлендіреді.
- Құрама көшбасшысы ретінде жанкүйерлердің үміті мен жауапкершілік қысым түсірмей ме?
- Жоқ, керісінше, жанкүйерлердің қолдауы бізге үлкен күш береді. Халықтың сенімі мен тілегі ілгері жылжуға мотивация болады.
- Қазіргі уақытта дайындық жүйесіне қандай да бір өзгерістер енгіздіңіз бе?
- Иә, қазір басқа салмақта күресіп жүргендіктен, жаттығу жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Бапкерім дайындық процесін айтарлықтай күрделендіріп, жаңа бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
- Алда қандай турнирлерге қатысасыз? Азия ойындарына дайындықты бастап кеттіңіз бе?
- Алда Моңғолия мен Венгрияда өтетін рейтингтік турнирлер бар. Қазір сол жарыстарға дайындалып жатырмыз. Азия ойындарына дайындықты биыл қаңтар айынан бастап кеткенбіз.
- Биыл алға қойған басты мақсатыңыз қандай?
- Осы жылы алға қойған негізгі мақсатым - Азия ойындары мен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!