2026 жылы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты Қазақстан астанасы — Астанада өтетін болды. Бұл туралы шешімді халықаралық United World Wrestling ұйымы таныстыру, талқылау және дауыс беру кезеңдерінің қорытындысы бойынша қабылдады.

Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Еркін Оқасов бұл жаңалықтың ел спорты үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болу — Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделі мен ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне берілген жоғары баға. Бұған дейін United World Wrestling ұйымының өкілдері елімізге арнайы келіп, спорттық инфрақұрылыммен, халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесімен және дайындық деңгейімен танысқан.

Айта кетейік, 2025 жылы Хорватияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын және 2 қола медаль жеңіп алған болатын. Грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта Айдос Сұлтанғали әлем чемпионы атанса, еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов (70 кг) пен Асылжан Есенкелді (61 кг) қола жүлдеге ие болды.

Федерация өкілдерінің пікірінше, әлем чемпионатының Қазақстанда өтуі күрес спортының дамуына тың серпін беріп, жас спортшыларға үлкен мотивация болады. Сонымен қатар, бұл жарыс Қазақстанның спорттық әлеуетін әлемге тағы бір мәрте танытуға мүмкіндік береді.

Әлемдік дода 24 қазан мен 1 қараша аралығында Барыс Арена кешенінде өтеді.