Қазақстандық спортшы Азамат Бақытов UFCBJJ лигасындағы дебюттік кездесуін тең нәтижемен аяқтады.

3 раундқа созылған тартысты белдесу төрешілер шешіміне дейін жетті. Кездесу барысында екі спортшы да бір-біріне лайықты қарсылық көрсетіп, айқын басымдық орната алмады. Азамат бірнеше рет әдіс жасауға қолайлы мүмкіндік іздеп, шабуылға шықса, қарсыласы негізінен қорғанысқа мән берді.

Айта кетейік, UFCBJJ ұйымында 10-point must system жүйесі қолданылады. Яғни, әр раундтың жеңімпазына көбіне 10 ұпай беріледі. Сонымен қатар төрешілер жекпе-жекті аяқтауға бағытталған әрекеттерді, тиімді қимылдарды және бақылауды бағалайды. Кездесу 3 раундтан тұрды, әр раундтың ұзақтығы — 5 минут.

Бұл нәтиже Азамат Бақытов үшін үлкен жеңіс болмаса да, UFCBJJ секілді әлемдік аренада өнер көрсету — маңызды тәжірибе әрі үлкен мәртебе.

Спортшының менеджері Солто Есенгуловтың айтуынша, Азамат Бақытов 1-2 ай көлемінде қайта өнер көрсетеді.