Олимпиада чемпионы әрі бірнеше дүркін әлем чемпионы Абдулрашид Садулаев жастарға Олимпиадалық спорт түрлерін таңдауға кеңес берді. Оның айтуынша, ақша өмірдегі ең маңызды нәрсе емес.

“Баршаңызға Олимпиадалық спортпен айналысуға кеңес беремін. UFC — бұл коммерциялық ұйым. Бүгін бар, ертең Дана Уайт банкрот болса, бір жылдан кейін бәрі ұмытып кетуі мүмкін.

Ал Олимпиадалық спорт түрлері Ежелгі Грекия заманынан бері бар және жер бетінде өмір барда өмір сүре береді. Ал тағдырда жазылған несібе, немен айналыссаң да, саған бәрібір жетеді”, — деді Садулаев.

Айта кетейік, соңғы жылдары көптеген жас спортшылар UFC мен аралас жекпе-жекке қызығушылық танытып жүр. Алайда Садулаев Олимпиада спортының тарихи маңызы мен тұрақтылығына ерекше тоқталды.