22–27 маусым күндері Астана халықаралық таеквондо додаларының орталығына айналады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енгізілген екі ірі турнир өтеді.
Алғашқы жарыс – Altaic Taekwondo Championships турнирі 22–23 маусым күндері ұйымдастырылады. G-1 санатындағы бұл дода тарихтағы алғашқы Алтай таеквондо одағы чемпионаты ретінде өтпек. Турнир қатысушылары әлемдік рейтингке қажетті ұпайлар жинауға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, Алтай таеквондо одағы 2025 жылы Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионаты барысында құрылды. Ұйымды құру туралы шешімді Алтай өңіріне кіретін он елдің ұлттық федерациялары қабылдаған болатын. Ал ұйымның тұңғыш президенті болып Қазақстан таеквондо федерациясының (WT) президенті Құдрат Шәмиев сайланған.
25–27 маусым аралығында елордада кадеттер, жасөспірімдер және ересектер арасында өтетін халықаралық рейтингілік Kazakhstan Open турнирі өтеді. Жарысқа АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден жалпы саны 1106 спортшы қатысады деп жоспарланған.
Турнирге Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары қатысады. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Тунис, Түркия, Әзірбайжан, Иран, Беларусь және Өзбекстанның үздік таеквондошылары бар.
Қазақстан құрамасы да өз жанкүйерлері алдында ең мықты құрамымен өнер көрсетеді. Ел намысын Бейбарыс Қаблан, Батырхан Төлеуғали, Айдана Құмартаева, Самирхон Абабакиров, Нодира Ахмедова және Темірлан Тілеулес сынды спортшылар қорғайды.
Kazakhstan Open турнирі World Taekwondo күнтізбесіндегі беделді жарыстардың бірі саналады. Турнир жеңімпаздары әлемдік рейтингке 10 ұпай, күміс жүлдегерлер 6 ұпай, ал қола жүлдегерлер 3,6 ұпай еншілейді. Сондықтан бұл жарыс спортшылар үшін халықаралық рейтингте орындарын жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды дода болмақ.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!