Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 279 турнирінің басты кездесуінде ең жеңіл салмақтағы рейтингтің екінші нөмірі Манель Капе жапониялық Киоджи Хоригучиді үшінші раундтың 2:42 минутында техникалық нокаутпен жеңді.

Жекпе-жек барысында Хоригучи басымдық танытып тұрғанымен, үшінші раундта оң қолымен дәл соққы жасап, қарсыласын нокдаунға түсірген Капе мүмкіндігін жібермей, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша португалдық файтер тоғыз жыл бұрынғы жеңілісінің есесін қайтарды. 2017 жылы RIZIN ұйымында Хоригучи оны үшінші раундта қылқындыру әдісімен жеңген болатын.

Кештің екінші басты жекпе-жегінде жеңіліп көрмеген жаңа зеландиялық Навахо Стирлинг молдовалық Ион Куцелабуды екінші раундта техникалық нокаутпен құлатып, UFC-дегі бесінші жеңісіне қол жеткізді.

Турнирдегі ең жарқын сәттердің бірі Қырғызстан өкілі Муртазали Магомедовтың дебюті болды. Ол алғашқы раундтың небәрі 77-секундында Мелсик Багдасарянды сирек кездесетін «твистер» әдісімен жеңді.

Сондай-ақ UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізген грузиялық Леван Чохели Леон Шахбазянды небәрі 23 секундта техникалық нокаутпен жеңді.

Бұдан бөлек, Кристиан Родригес, Винишиус Оливейра және Беатрис Мескита да мерзімінен бұрын жеңіске жетті.