Орталық Азияда UFC турнирін бірінші болып өткізетін ел кім болады деген сұрақ қайтадан өзекті тақырыпқа айналды.

Meta-ratings.kz дерегінше, UFC келесі жылы Қазақстанда алғашқы турнирін өткізуді жоспарлаған. Жоба Туризм және спорт министрлігі деңгейінде талқыланып, тараптар қаржылық мәселелер мен ұйымдастыру шығындарын алдын ала келіскен. Алайда келісімшартқа қол қою кезеңіне келгенде жоба тоқтап қалған.

Осы уақытта Өзбекстан UFC-ді елге әкелу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. 21 маусым күні UFC президенті Дана Уайт АҚШ-та Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаровпен кездесті. Кездесу барысында UFC және Zuffa Boxing турнирлерін республика аумағында өткізу мүмкіндігі талқыланған.

Бұған дейін Қазақстанның да UFC және Zuffa Boxing ұйымдарымен бірнеше жылдық серіктестік жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда әзірге ресми келісім жарияланған жоқ.

Егер Өзбекстан UFC-мен мәмілені Қазақстаннан бұрын аяқтаса, онда ол Орталық Азия тарихында UFC турнирін қабылдаған алғашқы мемлекет атануы мүмкін.

Қазірдің өзінде аймақтағы жанкүйерлер арасында басты сұрақ туындады: 

UFC-ді Орталық Азияға бірінші болып кім әкеледі — Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба? 👀