Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңістен кейін ұлттық құрама көшбасшысы денсаулығын қалыпқа келтіруге және толыққанды дайындық жүргізуге уақыт бөлді. Бірнеше операция мен оңалту кезеңінен өткен тәжірибелі балуан енді жаңа олимпиадалық циклді бастауға дайын.

Елдос Сметов өзіне таныс 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі. Циндаодағы турнир оның соңғы екі жылдағы алғашқы халықаралық жарысы болмақ. Сонымен қатар бұл жарыс 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу ұпайларын жинау жолындағы маңызды кезең саналады.

Қазақстан құрамасы Қытайдағы додаға 19 спортшысын алып барады. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Гусман Қырғызбаев, әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақынова, сондай-ақ Талғат Орынбасар, Абылайхан Жұбаназар, Айдар Арапов, Әділет Алмат секілді тәжірибелі дзюдошылар бар.

Әсіресе Әділет Алматттың өнері қызық. Ол биылғы маусымды сәтті бастап, Австриядағы Гран-при турнирінің жеңімпазы атанды және Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал Гусман Қырғызбаев пен Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингтегі орындарын жақсартуға мүмкіндік алмақ.

Жалпы, Қазақстан құрамасының құрамы бәсекеге қабілетті. Дзюдошыларымыздың жүлдеге таласуға толық мүмкіндігі бар. Ал Циндаодағы әрбір сәтті нәтиже Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына апарар жолдағы маңызды қадам болмақ.