Қазақстан құрамасының өкілі Айша Абдумәлік 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетіп, финалға жолдама алды.

Отандасымыз алғашқы белдесуінде Мажарстан спортшысын 8:3 есебімен жеңді. Одан кейін АҚШ балуанынан 7:6 есебімен басым түсті. Ширек финалда Румыния өкілін тартысты белдесуде 13:12 есебімен ұтып, жартылай финалда Грекия спортшысын 8:1 есебімен сенімді жеңді.

Айша Абдумәлік алтын медаль үшін өтетін финалдық белдесуін 30 шілде күні Моңғолия өкілі Ариунзул Болдбаатарға қарсы өткізеді.

Ал 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Аянат Мейнамбай қола жүлдеге таласады. Ол жарысты екінші айналымнан бастап, Мысыр спортшысын 10:0 есебімен айқын жеңді. Кейін ширек финалда Германия балуанын жеңгенімен, жартылай финалда Украина өкіліне есе жіберді.

Енді Аянат Мейнамбай чемпионаттың қола жүлдесі үшін күреседі. Оның қарсыласы кейінірек анықталады.