15 тамыз күні АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтетін UFC 330 турнирінің басты жекпе-жегінде Махачев жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін ирландиялық Йен Гэрриге қарсы қорғайды. Кездесу қарсаңында Гэрри Ирландия мен Дағыстан арасындағы текетіресті бірнеше рет атап өтіп, Макгрегор мен Хабибтің қарсыластығын мысалға келтірген болатын.
Алайда Мендестің айтуынша, бұл екі жағдайды салыстырудың еш негізі жоқ.
«Гэрри бәрін дұрыс жасап жатыр. Ол жекпе-жекке қызығушылықты арттыратын дүниелерді айтып жүр. Ең бастысы – шектен шықпау. Қалай болғанда да, бәрі октагонда шешіледі. Мен трэштокқа қарсылығым жоқ, бірақ ол елге, отбасыға немесе дінге тиіспеуі керек», – деді Мендес.
Маманның сөзінше, қазіргі жағдай Хабиб пен Макгрегор арасындағы текетірестен мүлде өзгеше.
«Бұл жерде Хабиб пен Конордың жағдайымен ортақ ештеңе жоқ. Йен елге, дінге немесе отбасыға тіл тигізбейінше, бұларды салыстыру дұрыс емес. Меніңше, Йен де, Ислам да ондай қадамға бармайды. Егер олар мені немесе Хабибті сөзге қосуды қаласа, оған болады. Өйткені біз команданың бір бөлігіміз. Ал қалған адамдарды бұл жерге араластырмаған дұрыс», – деді Махачевтің бапкері.
Айта кетейік, Ислам Махачев пен Йен Гэрри арасындағы титулдық жекпе-жек 15 тамызда Филадельфияда өтетін UFC 330 турнирінің басты оқиғасы болады.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!