Ресми мәлімдемеге сәйкес, жаңа ұйым MVP брендімен жұмыс істейді. Ол кәсіпқой бокс, аралас жекпе-жек, турнирлерді ұйымдастыру, спортшыларды дамыту және медиа-контентті жаһандық деңгейде тарату бағыттарын бір құрылымға біріктіреді. Компания басшылығының айтуынша, жаңа жобаның басты мақсаты – спортшылардың мүддесін қорғап, оларға тиімді әрі заманауи мүмкіндіктер ұсыну.
PFL 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған барлық турнирлерін өткізеді. Ал 2027 жылдың басында промоушен толықтай MVP құрылымына интеграцияланады.
Жаңа ұйымның басшылығына MVP негізін қалаушы Джейк Пол, оның серіктесі Накиса Бидарян және PFL-дің бұрынғы жетекшісі Джон Мартин кіреді.
Джейк Полдың айтуынша, бұл бірігу компанияның дамуын айтарлықтай жеделдетеді.
«Біз MVP-ді қазіргі жүйені өзгерту, спортшыларға лайықты ақы төлеу және олардың әлемдік жұлдызға айналуына мүмкіндік беру үшін құрдық. PFL-мен бірігу осы мақсаттарға әлдеқайда жылдам жетуге жол ашады. Енді бізде үздік спортшыларды, заманауи контентті және миллиондаған жанкүйерді біріктіретін ірі платформа бар», – деді Пол.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта жаңа ұйымды дамытуға басымдық беретінін, бокстағы мансабын жалғастыратынын және MVP MMA турнирлерінде дебют жасауды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар Джейк Пол басқа промоушендердегі жауынгерлерді келісімшарттары аяқталғаннан кейін жаңа ұйымға қосылуға шақырды.
Айта кетейік, MVP MMA ұйымының алғашқы турнирі мамыр айында өтіп, Netflix платформасында көрсетілген болатын. Кештің басты жекпе-жектерінде Ронда Роузи, Джина Карано, Фрэнсис Нганну, Фелипе Линс, Нейт Диас және Майк Перри өнер көрсетті.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!