UFC 329 турнирінде Лонир Кавананы жеңгеннен кейін америкалық спортшы Алмабаевты жекпе-жекке шақырған болатын. Кейін бұл шешімін Хорхе Масвидальға берген сұхбатында кеңірек түсіндірді.

Ройвалдың айтуынша, Асу Алмабаев жеңісті сериясы мен жоғары шеберлігінің арқасында бұл жекпе-жекке әбден лайық.

«Менің ойымша, келесі қарсыласым ретінде Асу Алмабаев өте жақсы болар еді. Оның жеңісті сериясы бар, әрі өте мықты спортшы. Жақында ол мен көрген ең әсерлі ауырту әдістерінің бірін жасады», – деді америкалық файтер.

Сонымен қатар Ройвал соңғы төрт жекпе-жегін негізінен соққы техникасына сүйенетін қарсыластарға қарсы өткізгенін айтып, енді стилі өзгеше қарсыласпен кездескісі келетінін жеткізді.

«Соңғы төрт жекпе-жегімді соққыға басымдық беретін спортшыларға қарсы өткіздім. Мұндай кездесулерге дайындық өте ауыр өтеді. Лонеэр Каванамен жекпе-жек алдында жаттығудан кейін аяқпен қайта-қайта соққы жасап, қорғанысымды пысықтадық. Мен үшін аяққа өту әрекеттерінен қорғанып, өзімнің тік тұрыстағы артықшылығымды пайдалануға дайындалу әлдеқайда жеңіл», – деді Ройвал.

Осылайша, америкалық файтер ықтимал кездесуде тік тұрыстағы шеберлігіне сенім артса, Асу Алмабаев күрес, партердегі бақылау және ауырту мен тұншықтыру әдістерін негізгі қаруына айналдыруы мүмкін.