Уайттың айтуынша, екі ұйымның күш біріктіруі түсінікті шешім, өйткені олардың жекпе-жектері көрермен қызығушылығын тудырып, билет сатуда айтарлықтай нәтиже көрсетіп отырған жоқ.

«Мұның жөні бар да шығар. Егер екі компания да билет сата алмай, жекпе-жектеріне жанкүйер тарта алмаса, онда бірігу – дұрыс шешім болуы мүмкін. Сонда билетін де, трансляциясын да ешкім көрмейтін бір үлкен компания пайда болады», – деді Уайт The Mac Life басылымына берген сұхбатында.

Сонымен қатар UFC басшысы Джейк Пол мен оның жобаларын өздеріне бәсекелес деп санамайтынын жеткізді.

«Мен мұны жүз рет айттым. Біз мүлде басқа деңгейдеміз. Мен тек индустриядағы алпауыттармен ғана бәсекелестік туралы айта аламын. Ал бұл жігіттер бізге бәсекелес емес. Қалай болғанда да, оларға сәттілік тілеймін», – деді UFC президенті.

Айта кетейік, Дэйна Уайт пен Джейк Пол арасындағы текетірес бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Екі тарап әлеуметтік желілер мен сұхбаттарда бір-біріне бірнеше мәрте сын айтып, пікір алмасқан. MVP мен PFL ұйымдарының бірігуінен кейін бұл жауластық жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.