Жекпе-жектен кейін Дияр өзінің жеңісіне қатысты пікір білдіріп, UFC-дегі алғашқы кездесулерінде өзін толық көрсете алмағанын айтты.

«Алғашқы жекпе-жектерімді тіпті көрмеңіздер! Мен өзіме ұқсаған жоқпын. Америкаға алғаш рет шықтым, сәл абдырап қалдым. Қазір әр жекпе-жек сайын өсіп келе жатқанымды, осында төбелесе алатынымды және осы жерде болуға лайық екенімді бәріне дәлелдеп жүрмін», — деді Нұрғожай.

Қазақстандық спортшы қарсыласының алғашқы раундта өте белсенді әрекет ететінін алдын ала білгенін атап өтті. Диярдың айтуынша, бұл соққыларға бапкерімен бірге арнайы дайындалған.

«Оның бірінші раундта агрессивті болатынын білдік. Мен барынша қозғалып отыруға тырыстым. Қарсыласыма соққы тигізген сәтте оны енді жібермейтінімді түсіндім», — деді файтер.

Осылайша, Дияр Нұрғожай кәсіби мансабындағы 12-ші жеңісіне қол жеткізіп, UFC-дегі рекордын 2-2-ге жеткізді. Ал Бруно Лопес кәсіби мансабындағы төртінші жеңілісіне ұшырады.