Бүгін түнде Нұрғожай (12-2) бразилиялық Бруно Лопесті (14-4) бірінші раундтың аяқталуына бір секунд қалғанда нокаутқа жіберіп, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.
Жекпе-жектен кейін қазақстандық спортшы UFC-дегі мансабын жалғастырып, жаңа келісімшартқа қол қоюға ниетті екенін мәлімдеді.
«Бұл жыл — менікі! Жұбайымның аяғы ауыр, жақын күндері босанады. Сондықтан бұл жеңіс — оған сыйлығым. Ал ол жақында маған өз сыйлығын жасайды», — деді Нұрғожай.
Жауынгер UFC басшылығына жаңа келісімшарт жасау туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқанын жеткізді.
«Мен бұған дейін де сұхбат беріп, UFC-дегі барлық матчмейкерлерге, әсіресе Дана Уайтқа келісімшартымды ұзартуды сұрап өтініш айтқанмын. Мен бұдан да жарқын әрі әдемі жекпе-жектер көрсетемін», — деді қазақстандық.
Нұрғожай келесі қарсыласы кім болатынын әзірге білмейтінін де айтты.
«Қарсылас? Қазір бірден ойыма ешкім түспейді. Жақсы келе жатқан жігіттер бар, бірақ олар рейтингте жоғары тұр, сондықтан маған оларды бермеуі мүмкін. Шынымды айтсам, білмеймін. Тек “келісімшартты ұзартыңыздар, қарсыласымның атын айтыңыздар” деп отырмын. Бұл менің келісімшарт бойынша соңғы жекпе-жегім болды. Бірақ мен UFC-де қалғым келеді. Мен бұл деңгейде бәсекеге түсе алатынымды дәлелдедім», — деді Нұрғожай.
Осылайша, қатарынан екі жеңіске жеткен Дияр Нұрғожай UFC-дегі мансабын жалғастырып, промоушенмен жаңа келісімшартқа отыруға ниетті.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!