Спортшының айтуынша, ол қазір Азия ойындарына дайындалып жатыр. Байқамуров құрлықтық додада Қазақстанның намысын қорғауды жоспарлап отыр.
«Ассаламу алейкум, Қазақ елі! Менің атым – Марат Байкамуров. Мен 2025 жылғы "Қазақстан Барысы" турнирінің чемпионымын. Қазір Азия ойындарына дайындалып жатқандықтан, биылғы "Қазақстан Барысы" турниріне қатыспаймын. Азия ойындарында ел намысын қорғаймын. Барлық қатысатын спортшыларға сәттілік тілеймін! Ең мықтысы жеңсін!» – деді балуан Instagram парақшасында.
Еске салайық, өткен жылы Марат Байкамуров финалда сол кездегі «Қазақстан Барысы» титулының иегері, Абай облысының өкілі Ерасыл Қажыбаевты жеңіп, чемпион атанған болатын. Осы жеңістің нәтижесінде ол алтын белбеу, «Тайтұяқ» жүлдесі және 15 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды.
Ал 2026 жылғы басты жетістіктерінің бірі – Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріндегі жеңісі. 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Байкамуров жарыстың барлық кезеңінен сәтті өтіп, финалда Молдова өкілі Вадим Гимбовскийді 1:0 есебімен жеңді.
Бұл жеңіс Қазақстан құрамасына аталған турнирдегі екінші алтын медальді алып келді.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!