34 жастағы Махачев осы аптада UFC 330 турнирінің басты жекпе-жегінде алғаш рет жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғайды. Оның қарсыласы — ирландиялық Йен Гэрри.

Роганның пікірінше, егер Махачев Гэрриді жеңсе, ол күтпеген жерден спорттан кету туралы шешім қабылдауы мүмкін.

«Мен Исламның мансабын аяқтайтынын елестете аламын. Ол қолғабын шегеге іліп, спорттан кетуі мүмкін. Ол қазірдің өзінде көп нәрсеге қол жеткізді. Екі дивизионда өнер көрсетіп, екі салмақта чемпион атанды. Егер Йенді жеңсе, мысалы, оны сабмишнмен ұтып, кейін “Болды, менің жетерім осы. Хабиб сияқты аяқтағым келеді” деп айтуы мүмкін», — деді Роган.

Комментатордың болжамынша, Махачев мансабын аяқтаған жағдайда UFC бос қалған чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекті көп күттірмей ұйымдастырады.

Роган титул үшін Майкл Моралес пен Карлос Пратес кездесуі мүмкін деп санайды.

Осылайша, Гэрримен болатын жекпе-жек Махачев үшін чемпиондық белбеуді қорғау ғана емес, кәсіби мансабындағы соңғы айқас болуы да мүмкін.