Мераб Двалишвили Тбилисиде RAF турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында ресейлік балуан Ахмед Гаджимагомедовпен болған жанжалға қатысты өзін сынаған Умар Нурмагомедовке жауап берді.

Двалишвилидің айтуынша, Гаджимагомедов оған өзі жақындап, қолынан ұстап, дауысын көтеріп сөйлеген. Мераб мұндай жағдайда қай елде жүргеніне қарамастан дәл осылай әрекет ететінін мәлімдеді.

«Умар және кейбір әлі өспеген адамдар мен туралы түрлі сандырақ айтуды жалғастырып жүр. Мен еркекпін. Егер маған келіп, қолымнан ұстап, құрметсіздік танытып, басқа тілде дауыс көтеріп сөйлесеңдер — шапалақпен тартып жіберемін. Өйткені мен осындаймын. Мен осылай өстім. Бұл — менің мәдениетім. АҚШ-та, Мексикада, Австралияда немесе өз елім Грузияда жүргенім маңызды емес. Егер жаман ниетпен келсеңдер, дәл сондай жауап аласыңдар», — деді Двалишвили әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.

UFC-дің бұрынғы чемпионы жанжалдың соңы әлдеқайда ауыр жағдайға ұласуы мүмкін болғанын да айтты. Оның сөзінше, сол жерде болған грузиялық жанкүйерлер мен достары төбелесуге дайын тұрған.

Дегенмен Двалишвили жағдайды ушықтырмай, кейін Гаджимагомедовпен кездесіп, қол алысып татуласқанын атап өтті.

«Мен жанжалдасқан жігітті тауып, қолын алдым. Осымен бәрі аяқталды, қазір арамызда ешқандай мәселе жоқ. Бірақ сендер, әлі өспеген адамсыңдар, әлі де сөйлеп, арандатуға тырысып жүрсіңдер. Сендер ол жерде болған жоқсыңдар және не болғанын білмейсіңдер. Сондықтан мына сандырақты доғарыңдар. Сендер — әлі өспегенсіңдер. Өмірден әлі көп нәрсе үйренулерің керек», — деді Мераб.

24 қазанда Абу-Дабиде өтетін UFC 333 турнирінде Двалишвили Петр Янмен үшінші рет кездесіп, чемпиондық белбеуді қайтаруға тырысады.

Ал Умар Нурмагомедов 29 тамызда Макаода өтетін UFC Fight Night 286 турнирінің басты жекпе-жегінде Сонг Ядонгпен кездеседі.