Ирландиялық файтер UFC 330 турнирінде Махачевтен чемпиондық белбеуді тартып алатынына сенімді. Оның сөзінше, чемпион атанса, алғашқы титул қорғауын Карлос Пратеске қарсы өткізуге дайын.

«Титулдық мүмкіндікке лайық бір ғана адам бар — Карлос Пратес. Қалғандары әлі жеткілікті жұмыс істеген жоқ. Пратес соңғы екі кездесуінде бұған дейін ешкім мерзімінен бұрын жеңбеген екі қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді. Ал мен оны үш апталық дайындықпен шығып, 24 минут бойы сабадым. Егер маған үш-төрт ай дайындалуға мүмкіндік берсе, оның не болатынын өзі де жақсы біледі», — деді Гәрри.

Сонымен қатар Гәрри мансабындағы жалғыз жеңілісін тіркеген қазақстандық Шавкат Рахмоновпен қарымта жекпе-жек өткізгісі келетінін жасырмады.

Қазір Рахмонов тізесіне жасалған екінші операциядан кейін қалпына келіп жатыр. Гәрри қазақстандық спортшыға денсаулық тілеп, жекпе-жектен де маңызды дүниелер бар екенін атап өтті.

«Шавкат қашан оралса да, оған тезірек сауығып кетуін тілеймін. Кеше оның өмірінде белгілі бір қиындықтар туындағанын естідім. Оған және отбасына бар жақсылықты тілеймін. Денсаулық пен отбасы жекпе-жектен әлдеқайда маңызды.

Бірақ ол октагонға оралғанда, онымен жекпе-жек өткізетін жалғыз адам - ол мен. Сондықтан Шавкат қайтып келгенде кезексіз титулдық мүмкіндік алады. Себебі мен дәл осы жекпе-жекті қалаймын», — деді ирландиялық.

Гәрри Ислам Махачевті жеңген жағдайда ресейлік файтерге бірден реванш берілуі мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның пікірінше, бәрі алғашқы кездесудің қалай аяқталатынына байланысты.

«Алдымен оны бір рет жеңіп алу керек. Егер мен екі минутта жеңіп тастасам, бірден екінші жекпе-жекті көргілеріңіз келетін бе еді? Шындық осында. Ал егер Александр Волкановскимен болған кездесудегідей тартысты айқас болса, реванштың мәні болады. Ислам мұндай мүмкіндікке лайық. Бірақ алдымен осы жекпе-жекті өткізіп алайық», — деді Гәрри.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов пен Йен Мачадо Гәрри 2024 жылы кездесіп, қазақстандық файтер төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен еді. Бұл — Гәрридің кәсіби мансабындағы әзірге жалғыз жеңілісі.