Халықаралық рейтингтік турнирлерде Қазақстан балуандары жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Моңғолиядағы жарыста ұлттық құрама жеті медаль жеңіп алды. Ал Будапешттегі турнирге жарақатына байланысты бірнеше көшбасшы балуан қатыса алмады.
Қайсановтың айтуынша, ел ішіндегі бәсеке әсіресе 61 және 65 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде жоғары.
Азия ойындарына дайындық басталып кетті. Қазіргі уақытта құрама Анкарада (Түркия) оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ол 21 тамызға дейін жалғасады. Келесі жиын 26 тамызда Шымкентте басталады.
Ал қорытынды оқу-жаттығу жиынын Оңтүстік Кореяда өткізу жоспарланған. Оған Өзбекстан, Корея және Бахрейн құрамаларының балуандары да қатысады.
Бас бапкер Азияда еркін күрестің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Азия ойындарында әр салмақ дәрежесінде жоғары бәсеке болатынын айтты. Дегенмен Қазақстан құрамасында халықаралық тәжірибесі мол мықты балуандармен қатар, үлкен үміт күттіретін жастар да бар.
Сондай-ақ Ризабек Айтмұханның жарақатына байланысты қазіргі оқу-жаттығу жиынына қатыса алмағаны белгілі болды. Алайда ол Шымкенттегі келесі жиынға қосылады деп жоспарланып отыр.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!