Ирландиялық файтер Иен Мачадо Гэрри UFC 330 турнирінде Ислам Махачевтен жеңілгеннен кейін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.

Гэрри қарсыласының жеңісін толық мойындап, ешқандай сылтау айтпайтынын жеткізді.

«Бұл жекпе-жекте мені ештеңе таңғалдырған жоқ. Исламды құрметтеймін. Ол жеңді, менде ешқандай сылтау жоқ. Мен өмірімдегі ең үздік жекпе-жегімді өткіздім. Өзімді, отбасымды және командамды мақтан тұтамын», — деді Гэрри.

Ирландиялық спортшы жеңіліске қарамастан, алдағы уақытта UFC чемпионы атанатынына сенімді екенін айтты. Ол Александр Волкановски мен Джастин Гейджиді мысалға келтіріп, спортта жоғары деңгейде өнер көрсетуге әлі көп уақыты бар екенін атап өтті.

«Алдымда бұл спортта үстемдік ететін әлі 10 жыл бар. Үйге оралып, бәрін саралап, қайта келемін. Мен әлі жаспын. Бәрі алда. Мен қайта ораламын, уәде беремін», — деді ол.

Сөзінің соңында Гэрри Махачевтің UFC-дегі жеңісті сериясын тоқтата алмағанына байланысты Андерсон Силваға әзілмен үн қатты:

«Андерсон Силва, кешір. Мен оны тоқтата алмадым».