UFC президенті Дана Уайт Ислам Махачевтен жеңілген Иэн Мачадо Гэрридің бесінші раундтағы әрекетіне көңілі толмағанын айтты.

Уайттың пікірінше, Гэрри шешуші раундқа қарсыласынан тың шыққан және чемпиондық белбеу үшін бар тәуекелге баруы керек еді.

«Иэн Гэрри — талантты жігіт. Егер ол бесінші раундта аз да болса жыртқыштық мінез танытқанда ғой... Исламның бүкіл бүйірі соққыдан көгеріп, беті де әбден соққы жеген еді. Бесінші раундта Иэн тыңырақ болды. Бұған 100% сенімдімін. Ол соңғы раундта барын салуы керек еді», — деді Уайт.

UFC басшысы Гэрридің шешуші раунд алдында Махачевпен қол алысып, құшақтасқанын да сынға алды. Оның айтуынша, чемпиондық белбеу бәске тігілген сәтте файтер барынша агрессивті әрекет етуі қажет.

«Осындай маңызды сәтте бесінші раундқа шығып, қол алысып, құшақтасуға болмайды. Ұшып барып тіземен соғу керек, қолыңнан келгеннің бәрін жасау керек. Иэн бұл жекпе-жекті қайта көргенде: "Қап, бәрін қайтадан жасауға мүмкіндік болса ғой", — деп ойлайтын шығар», — деді ол.

Сонымен қатар Уайт Махачевтің өнеріне жоғары баға берді. Ол Исламның өзінен ірі, бойы ұзын әрі тейкдауннан жақсы қорғанатын қарсыласты жеңгенін ерекше атап өтті.

«Ислам жеңіске жету үшін не істеу керек болса, соның бәрін жасады. Иэн өте ірі әрі күшті жігіт. Осыны ескерсек, Исламның бүгін жасағаны — шынымен әсерлі», — деді UFC президенті.

Уайттың пікірінше, егер Гэрри соңғы раундта барынша агрессивті әрекет еткенде, жекпе-жектің нәтижесі басқаша болуы мүмкін еді.

«Егер Гэрри бесінші раундқа құтырған бұқадай аш болып шыққанда, қазір мүлде басқа әңгіме айтып отырар едік. Ол қарсыластарына тым сыпайы қарайды. Гонг соғылғаннан кейін барыңды салуың керек. Қарсыласпен қол алысып тұратын уақыт емес», — деп түйіндеді Уайт.