PFL бас директоры Джон Мартиннің айтуынша, UFC қазіргі уақытта Усманға ресми ұсыныс жасаған жоқ. Оның сөзінше, PFL-дің Нурмагомедовпен келіссөз жүргізуге эксклюзивті құқығы бар.

«Қазір ақпараттық кеңістікте жалған ақпарат өте көп. UFC оған ұсыныс жасаған жоқ. Өйткені қазіргі уақытта олардың бұған заңды хақы жоқ. Әзірге біздің келіссөздер жүргізуге эксклюзивті кезеңіміз бар. Қазір оған ұсыныс дайындап жатырмыз. Одан кейін келіссөз үстеліне отырып, барлығын талқылаймыз», — деді Джон Мартин.

PFL басшысы ұйымның Усман Нурмагомедовке бәсекеге қабілетті ұсыныс жасайтынын атап өтті. Сонымен қатар промоушен ресейлік файтердің өздерінде қалғанын қалайтынын жеткізді.

«Біздің ұсынысымыз бәсекеге қабілетті болады деп ойлаймын. Барлығы оның шешіміне байланысты. Біз оның PFL-де қалғанын қалаймыз», — деді Мартин.

Осылайша, Усман Нурмагомедовтің UFC-мен келісімге келгені туралы ақпарат әзірге расталған жоқ. Қазіргі таңда PFL чемпионды өз қатарында сақтап қалуға тырысып жатыр.