UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Джон Джонс Ислам Махачевті барлық уақыттағы ең ұлы файтер (GOAT) деп атай бастаған жанкүйерлер мен сарапшыларға жауап берді.
Бұған дейін Джонс Махачевті MMA тарихындағы ұлы файтерлердің бірі деп атап, оның жетістіктеріне жоғары баға берген. Алайда америкалық спортшы Исламды дәл қазір тарихтағы №1 файтер деп тануға келіспейді.
«Әлеуметтік желіге кірсем, бізде барлық уақыттағы жаңа ұлы файтер пайда болыпты дегенді естідім. Түсінбей қалдым. Мұның қандай қисыны бар екенін түсіндіріңдерші», — деп жазды Джонс.
Ол өз жазбасына UFC тарихында титулдық жекпе-жектерде ең көп жеңіске жеткен файтерлердің тізімін қоса жариялады.
Бұл көрсеткіш бойынша Джон Джонс 16 жеңіспен бірінші орында тұр. Ал титулдық айқастарда жеті рет жеңіске жеткен Ислам Махачев тізімнің 12-сатысына орналасқан.
Махачевтен жоғары Джонстан бөлек Алекс Волкановски, Жозе Альдо, Исраэль Адесанья, Рэнди Кутюр, Мэтт Хьюз, Андерсон Сильва, Валентина Шевченко, Аманда Нунес, Деметриус Джонсон және Джордж Сент-Пьерр бар.
Кейін Джонс өз ұстанымын тағы бір жазбасында нақтылады.
«Сендер мені жай ғана қарап отырады да, басқа біреуді барлық уақыттағы ең ұлы файтер деп атауға жол береді деп ойладыңдар ма? Шындарыңды айтыңдаршы, келесі 16 дүркін әлем чемпионы кім болады деп ойлайсыңдар?» — деді америкалық.
Осылайша Джонс Махачевтің жетістіктерін мойындағанымен, GOAT мәртебесі үшін Исламға әлі де көп жетістік қажет деп есептейтінін аңғартты.
Өткен аптада Ислам Махачев UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғап, бес раунд қорытындысы бойынша Йен Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.
Пікірлер (0)
Әзірге пікірлер жоқ. Алғашқы болып жазыңыз!