Кикілжің Фазилдің сұхбаттарының бірінде Сусуркаев пен оның командасына қатысты ауыр сөздер айтуынан басталған. Ол қарсы тарапты «f***ing dogs» деп атап, «олар еркек емес, әйел» деген сарында тіл тигізген.

Кейін жағдай спортшылар арасындағы сөзбен текетірестен нақты жанжалға ұласқан.

Фазилдің айтуынша, Dana White’s Contender Series турниріндегі жекпе-жегіне бір күн қалғанда, салмақ қуып жатқан кезінде оның қонақүйдегі бөлмесіне Сусуркаев бастаған бір топ адам келген. Фазил олардың саны шамамен 15 адам болғанын айтады. Арасында UFC файтері Абдурахман Яхьяев та болғаны хабарланды.

Фазилдің нұсқасы бойынша, сол жерде Сусуркаев оған екі рет шапалақпен ұрған. Фазил жауап беруге әрекеттенгенімен, бапкерлері келесі күні маңызды жекпе-жегі бар екенін айтып, оны тоқтатқан. Кейін жағдайға полиция араласқан.

Оқиғадан кейін Сусуркаев әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, Фазилді қолдаушылар тарапынан өзіне және отбасына қатысты көптеген қорлайтын хабарламалар келгенін айтты.

«Біреу сен туралы, отбасың туралы жаман сөз айтса, не істер едің? Мен ондай кезде жай қарап отыратын адам емеспін. Мен туралы, отбасым туралы, ұлтым туралы ешкім жаман сөз айта алмайды», — деді Сусуркаев.

Сонымен қатар ол Күрдістан халқымен ешқандай мәселесі жоқ екенін атап өтті.

«Уаллаһи, жігіттер, сендермен ешқандай проблемам жоқ. Егер біреу сендер және отбасыларың туралы жаман сөз айтса, не істер едіңдер?» — деді ол.

Айта кетейік, Фазил аталған жағдайдан кейін Dana White’s Contender Series аясында Кайк Бритомен кездесіп, үшінші раундта нокаутпен жеңілді.