Грузиялық лига қазақстандық спортшының командаға қосылғанын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады. Осылайша, Алмахан UFC-дегі кезеңінен кейін мансабының келесі бөлігіне қадам басқалы тұр.

13 тамыз Бекзат Алмахан келісімшартының аяқталуына байланысты UFC ұйымының спортшылар тізімінен ресми түрде шығарылды. Қазақстандық файтер әлемдегі ең мықты ММА лигасындағы дебютін 2024 жылдың наурыз айында өткізді. Ол қысқа мерзімде жекпе-жекке шығып, сол кезде жеңіліс көрмеген Умар Нұрмагомедовпен кездесті.

Алмахан алғашқы раундта қарсыласын нокдаунға түсіргенімен, жекпе-жек соңында Нұрмагомедов төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Қазақстандық спортшы UFC-дегі жалғыз жеңісіне 2025 жылдың мамырында қол жеткізді. Ол канадалық Брэд Катонаны бірінші раундта нокаутпен жеңген еді. Кейін Алмахан қатарынан екі жеңіліске ұшырады — 2025 жылдың қарашасында Александр Топуриядан, ал 2026 жылдың маусымында бразилиялық Жан Мацумотодан жеңілді.

RKENA грузиялық ММА промоушені 2025 жылдың қазан айында құрылған. Лига өз турнирлерін Тбилисидегі Спорт сарайында өткізеді. Осы уақытқа дейін ұйым үш нөмірлі турнир ұйымдастырды: Rkena FC 1, Rkena FC 2 және Rkena FC 3.

Енді Бекзат Алмахан кәсіби мансабын грузиялық RKENA лигасында жалғастырады.