81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Жұбаназар Өзбекстан өкілі Арсланбек Тожиевпен кездесті. Қазақстандық спортшы жекпе-жекті тактикалық тұрғыда сауатты өткізіп, «юко» ұпайының арқасында жеңіске жетті.

Бұл - Абылайхан Жұбаназардың мансабындағы Grand Slam жарыстарының алғашқы алтыны. Бұған дейін қазақстандық дзюдошы осы санаттағы турнирлердің бірінде финалға дейін жеткен еді.

Абылайхан финалға дейінгі жолда Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Георгий Елбакиевті, ресейлік Егор Сухопаровты, грузиялық Заур Двалишвилиді және украиналық Владислав Колобовты жеңді.

Басқа қазақстандық дзюдошылар қалай өнер көрсетті?

60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов қола медаль үшін белдесуде Өзбекстан өкіліне есе жіберді. Ал Талғат Орынбасар 1/16 финалда Португалия спортшысына жол берді.

66 келіде Ақылжан Жұбатканов жұбаныш белдесуінде Корея өкіліне жеңілді. Нұрқанат Серікбаев 1/16 финалда Испания дзюдошысына есе жіберді.

73 келіде Бақытжан Абдрахманов 1/16 финалда Тәжікстан өкілі Мұхиддин Асадуллоевтан жеңілді. Ансарбек Ғайнуллин 1/32 финалда Бельгия спортшысына жол беріп, жарысты аяқтады.

81 келіде өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық Әділет Алмат 1/16 финалда Әзірбайжан өкілі Омар Раджаблиден жеңілді.

Осылайша, Лозаннадағы Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді Абылайхан Жұбаназар сыйлады.