Қытайдың Лэшань қаласында WKF каратэден 2026 жылғы маусымның үшінші Премьер-лига турнирі аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді . Кумите бағдарламасында аса ауыр салмақта (+68 кг) Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, тағы да чемпион атанды. Жарыс барысында 5 жекпе-жек өткізген отандасымыз финалда непалдық Арика Гурунгты жеңді. Айта кетейік, бұл спортшылар бұған дейін де 2026 жылдың алғашқы Премьер-лига турнирінің финалында кездесіп, онда да Софья жеңіске жеткен. Берульцева биылғы жеңісті сериясын жалғастырып келеді. Бұған дейін ол Ыстанбұл мен Римде өткен Премьер-лига кезеңдерінде чемпион атанған.